«Дауыс беру — әр адамның азаматтық парызы»

Ақсай қаласындағы Клара Байбулова зейнеткерлік демалыста да тыныш отырған емес. Үш ұлын өсіріп, тоғыз немересін мәпелеп жеткізген ана, кезінде рация арқылы дала ортасынан егін жаршысы болған радист-телефонист, бүгінде — тәуелсіз байқаушы. Оның өмір жолы — бір адамның тағдырындағы тұтас бір дәуірдің көрінісі.

Тасқұдық ауылы, Сырым ауданы. Клара Байбулованың балалық шағы осы жерде өткен. Сегіз баланың ішінен жалғыз өзі ауылдағы орыс мектебіне барған — бұл ешкімнің бұйрығы емес, кішкентай Клараның өз қалауы, өз таңдауы болған. Сол бір батыл шешім оның бүкіл өмірінің бағытын да айқындап бергендей.

Мектеп бітірген соң қыз бала радист-телефонист мамандығын игереді. Бұл — қазіргі ұрпаққа беймәлім, бірақ өз кезінде ауыл өмірінің тынысын ұстап тұрған маңызды кәсіп. 80-ші жылдары Сырым ауданының Шідерті ауылында, ауданаралық шаруашылық бірлестігінде жас Клара дәл осы қызметті атқарады. Көктемгі егіс пен күзгі жинау науқаны кезінде қанша жер жыртылғаны, қанша тұқым себілгені, қанша тонна бидай тасымалданғаны — осының бәрі оның қолы арқылы, рация толқыны арқылы ауылдан ауылға, орталыққа жетіп жататын. Дала төсінде отырып, бүкіл ауданның егін тынысын ұстап тұрған қыз болған.

Бірақ тарих тыныш тұрмайды. 90-жылдар келді, бірлестік тарады, өмір мүлде басқа сынаққа бұрылды. Клара Мұхамед-Закирқызы қандай жұмыс кездессе де таңдамай, қолынан келер істің ешбірінен бас тартпай, адал еңбек етуді жалғастырады. 1998 жылы Орал қаласына көшіп келген соң «Гүлден» кәсіпорнында бірнеше жыл наубайшы болып істейді. Кейін мекеме атауы мен бағыты өзгеріп, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрғанда — аспаз қызметін де мойнына алады. 2009 жылы Ақсай қаласына қоныс аударып, денсаулық сақтау мекемелерінде еңбек етеді, ал 2017-2020 жылдары «Қазақстан елім» кәсіпорнында аудандар арасына қатынайтын автобустардың кондукторы болып еңбек етеді.

Бір қарасаң — мамандықтар тізбегі әртүрлі, тіпті бір-біріне ұқсамайтын сияқты. Бірақ бәрінің түбінде бір ортақ желі жатыр: 80-ші жылдардан кейінгі өтпелі кезеңнің, 90-жылдардың қиындығы мен жоқшылығын жеңіп шыққан аналардың тағдыры. Клара Байбулова — сол дәуірдің қаншама анасының бейнесін бойына жинаған кейіпкер. Талғамай жұмыс істеп, маңдай терімен күн көріп, бір ғана мақсат үшін — балаларының болашағы үшін — тынымсыз тырысқан ана.

Ал сол балалар бүгінде — Клараның мақтанышы. Үш ұлының екеуі әскери саланы таңдап, бірі ҚР ІІД Академиясының түлегі болса, екіншісі Санкт-Петербург әскери академиясын тәмамдап, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарған. Ортаншы ұлы болса әке жолын қуып, жүргізушілікті кәсіп еткен. Ал немерелер — әженің шынайы мақтанышы: екі үлкен немересі де орта мектепті алтын белгімен бітіріп, өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, әжесіне зор қуаныш сыйлаған. Ана үшін, әже үшін ұрпағының жетістігінен асқан биіктік бар ма екен?

Дегенмен Клара Байбулованың өмірі — тек отбасы шеңберімен шектелмейді. Зейнеткерлікке шыққанмен, оның белсенді өмірі тоқтаған жоқ. 2019 жылдан бері ол — сайлау процесін бақылайтын азаматтық белсенді. Бұл жолға оны бұрынғы әріптесі Бекнұр Сражановтың үлгісі жетелеген. Ал өзі бұл қызметті өз еркімен, өз қалауымен таңдап алған.

«Әр адам өмірінде бір рет болса да сайлауды бақылауы керек, ол — оның азаматтық парызы», — дейді Клара Мұхамед-Закирқызы қарапайым әрі салмақты үнмен. Оның сөзінде тәжірибе де, алаңдаушылық та бар:

«Сайлау процесін бақыламаса, сайлау әділ өтпейді. Өзім үшін байқаудың маңызы өте зор. Иә, көп адамдар мұны түсінбейді, көп адамдар сайлауға, дауыс беруге бармайды. Тіпті ауыл әкімдерін сайлау кезінде де ауыл тұрғындарының белсенділігі өте төмен болады. Соған қарамастан, әрсайлауда тәуелсіз байқаушы болу керек деп есептеймін. Сайлауды байқау арқылы біз сайлау учаскесінде барлық процестің қалай өтіп жатқанына өз көзімізбен куә боламыз. Сайлау күнгі рәсімдердің ашық, заңды, бұзушылықсыз өтуіне өз үлесімізді қосамыз. Сонымен қатар сайлауды ұйымдастыру сапасын, комиссия мүшелерінің біліктілігі мен сауаттылығын, кандидаттардың әлеуеті мен саяси қабілетін, азаматтардың көңіл-күйі мен ниетін — осының бәрін дәл осы күні байқап, тіркей аламыз. Ең бастысы — сайлау барысында заң бұзушылық болды ма, әлде бәрі талапқа сай өтті ме, осы сұрақтарға жауап тауып, барлық деректі құжаттаймыз. Байқаушы бола отырып, біз әрбір сайлаушы азаматтың дауысын қорғаймыз. Сондықтан сайлауда байқаушы болу — әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп ойлаймын».

Радист-телефонистен бастап наубайшы, аспаз, кондуктор жолын өтіп, бүгінде елдегі демократиялық процестің тыныс-тіршілігін бақылап отырған Клара Байбулова үшін өмір — үнемі белсенді болу, үнемі пайдалы болу туралы. Дала төсінен естілген радио толқыны да, сайлау учаскесіндегі тыныштық та — бір ғана адамның: елі мен ұрпағы үшін жауапкершілік алған ананың дауысы.