Батыс Қазақстан облыстық «Ағайын» қазақ мәдени қоғамдық бірлестігі өз жұмысын өңірімізде 2017 жылдан бері жүргізіп келеді. Ұйымның қызметі өңір тұрғындарының арасында татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Қоғамдық бірлестік мәдени, әлеуметтік бастамаларға ұйытқы болып, басқа да қоғамға пайдалы бастамаларға қолдау көрсетіп жүр.
Атырауда алғаш рет мұнай-газ саласындағы коммуникацияларға арналған ENERGY REGION TALKS медиафорумы ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР энергетика министрлігі, ірі мұнай-газ компаниялары, PR-мамандар мен өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Жаңа алаңға жиналған ҚР энергетика министрлігінің, ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері және өңірдегі БАҚ өкілдері қоғаммен ашық әрі жедел қарым-қатынас құру стандарттарын талқылады.
«Біз осы жерге жай ғана PR не журналистика жайында сөйлесу үшін ғана жиналмадық, бүгін біз сенім туралы сөйлесеміз, бизнес, мемлекет және қоғам арасында диалог құру туралы сөйлесеміз», — деді мұнай-газ саласындағы коммуникациялар жөніндегі сарапшы, «Magunaly Business» PR агенттігінің бас директоры Лаура Сүлейменова форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Талқылаулар барысында мұнай-газ саласының маңызын қоғамның, халықтың қаншалықты бағалайтынын анықтауға мүмкіндік берген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі таныстырылды. Зерттеу нәтижесі халықтың басым бөлігі мұнай-газ саласының экономика және жұмыспен қамтудағы маңызын мойындайтынын және жоғары бағалайтынын көрсетті.
Сонымен қатар экологиялық және әлеуметтік талаптардың жоғары екені, компаниялардан ашықтық пен айқындық күтілетіні де атап өтілді, яғни қоғам тарапынан экология, әлеуметтік жауапкершілік және ақпараттың ашықтығына қойылатын талап та күшейген.


Форумда саладағы ашықтық, экологиялық жауапкершілік және қоғаммен тиімді байланыс мәселелері талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде мұнай-газ компанияларының беделі тек өндіріс көлемі, экономикалық көрсеткіштер арқылы емес, халықпен сапалы ашық диалог орната білуімен де бағаланады.
— Бүгінде «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі мұнай-газ саласындағы ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық компания геологиялық барлаудан бастап мұнай өңдеуге дейінгі өндірістік үдерістердің толық циклін қамтып, қызмет жүргізіп отырған өңірлерде ауқымды жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Осы ретте аталған бастамалардың маңызы мен іске асу барысы туралы қоғамды уақтылы ақпараттандыру қажет. Сондықтан стратегиялық коммуникациялар жүйесін үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Қазіргі жағдайда жаңа коммуникация форматтарына бейімделу, өзгерістер мен дағдарыстық жағдайларға жедел әрекет ету, түрлі аудиториялармен тиімді байланыс орнату және ақпараттық кеңістіктегі ахуалды тұрақты бақылауда ұстау айрықша мәнге ие. Бұл жерде тек сандық көрсеткіштер мен қамту ауқымы ғана емес, аудиторияның сенім деңгейі де басты рөл атқарады, — деді «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ баспасөз қызметінің басшысы Ерлан Сисенов.
Сонымен қатар ол корпоративтік коммуникациялардың тәжірибелік құралдарымен бөлісіп, ҚМГ-да еншілес ұйымдармен бірыңғай жұмыс жүйесінің қалай құрылғаны туралы айтты. Баяндамада контенттің жаңа форматтарына, Telegram бағытын дамытуға және баспасөз қызметінің күнделікті жұмысында AI-құралдарын пайдалануға ерекше
назар аударды. ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Әсел Серікпаева қазіргі таңда мемлекеттік органдар, жер қойнауын пайдаланушылар және медиа өкілдері біртұтас ақпараттық кеңістікте біріге жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.


«Мүдделі тараптарды тыңдату үшін қалай сөйлеу керек?» панельдік сессиясында Қазақстанның мұнай-газ өңірлеріндегі ақпараттық күн тәртібінің ерекшеліктері, мұнай-газ аймақтары тұрғындарының құндылықтары мен әлеуметтік күтулері, өңірлердің өнеркәсіптік даму ерекшелігі бизнестің коммуникациялық стратегияларына қалай әсер ететіні талқыланды.
Сессия спикерлері – ҚР Үкіметінің өкілі, ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі, Атырау және Маңғыстау облысы әкімдерінің орынбасарлары, PR және медиа мамандары, мұнай-газа компанияларының өкілдері, баспасөз хатшылары мен жұртшылықпен байланыс мамандары, сонымен қатар «Маленькая страна» (Атырау) әлеуметтік ауылының басшысы, балалар реабилитологы болды.
Келесі панельдік сессия «Салалық журналистиканың болашағы: мәселелері мен шешу жолдары?» деп аталды. Бұл сессияда салалық бұқаралық ақпарат құралдарының өз саласындағы соңғы үрдістер мен оқиғалар туралы мамандар мен кәсіби қауымдастықты ақпараттандырудағы рөлі талқыланды. Маңызды мәселелердің бірі — цифрлық технологиялардың дамуы және тұтынушылық талғамның өзгеруі жағдайындағы журналистика жағдайы да сөз болды. Салалық журналистиканың күрделі жағдайы, жүйелі түрде қалыптаспағаны, ал бос қалған ақпараттық кеңістікті сарапшылар мен блогерлердің толтыруы жайы да айтылды. Сессия спикерлері әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, өңірлік журналистер пулын қалыптастыру үшін бүгін қандай нақты қадамдар жасау қажет? деген сұрақтың жауабын табуға тырысты.
«Журналистерге арналған қысқа мерзімді курс, тренинг және өндірістік экскурсияны жиі ұйымдастыру өте маңызды. Осы тұста жан-жақтан мұнай-газ саласының сарапшыларын шақырып, семинар-тренингтер өткізіп жүрген ТШО компаниясын айтпай өтіп кетуге бола ма? Осы жақсы бастаманы өзге де мұнай-газ компаниялары мен акционерлер қолға алып, жалғастырып әкетсе, бұл екі жаққа да пайдалы болары еді», — деген ойын білдірді Caspian News атқарушы директоры Жанар Низамутдинова.


Атырауда өткен мұнай-газ саласындағы алғашқы өңірлік коммуникациялар форумы — ENERGY REGION TALKS аясында «Мұнай және өмір» атты фотокөрме ашылды. Фотокөрмеде есімдері тарихқа айналған Олег Свидиннің, Аман Мутигуллиннің және заманауи авторлар Рахим Қойлыбаев, Ерлан Алтыбаев, Әнуар Әбілғазиев және Максим Стадниченконың әр жылдары түсірген жұмыстары ұсынылған.
«Компания сыртқы және ішкі коммуникацияларды жүйелі түрде дамытып, корпоративтік мәдениет пен адам капиталына ерекше көңіл бөледі. Адамдар әрдайым компанияның басты байлығы болып келді және солай болып қала береді. Қызметкерлер компанияның тұрақтылығы, дамуы мен сенімділігінің негізін қалыптастырады. Бұл ой ENERGY REGION TALKS форумының негізгі тақырыптарының біріне айналды. Форум мазмұнды кейстерге, тың идеяларға және жаңа таныстықтарға толы, ашық әрі еркін форматта өтті.
Осындай алаңдар саланың тек кәсіби тұрғыда ғана емес, адами қарым-қатынас арқылы да дамуына ықпал етеді — пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және бір-біріне қолдау көрсету арқылы», — деді Меруерт Палмаханова, «ҚазТрансОйл» АҚ Баспасөз қызметінің жетекшісі
Форум барысында салалық журналистиканы дамыту, өндірістік жобаларды халыққа түсінікті тілде жеткізу, HR-бренд қалыптастыру және өңірлік медиамен байланысты күшейту мәселелері көтерілді. Теңізшевройл өкілдері өңірдегі ашық коммуникацияның маңызына тоқталса, сарапшылар сенімнің мұнай-газ саласындағы басты стратегиялық ресурсқа айналғанын айтты.






