Жобалары жарқырап танылған компания

Әдетте, біз құрылыс саласында еңбек ететін ер-азаматтарды жиі кездестіреміз. Ал осы салада ерлермен қатар иық тірестіре қызмет жасап, игілікті істер атқарып жүрген нәзік жандар саусақпен санарлық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Альбина Алишева – көз тартарлық көрікті ғимараттардың жобасын дайындайтын үлкен команданың көшбасшысы десек те болады.

Көпшілік ортада жүруді армандаған

Біз биік, әдемі, заманауи ғимараттар құрылысшылардың арқасында бой көтеретінін білеміз. Алайда ол ғимараттарды алдын ала жобалайтын инженерлер мен жобалаушылардың еңбегін ескере бермейміз. Жеке кәсіпкер Альбина Есболатқызы да осындай жобалау жұмыстарымен айналысатын «Shine project» ЖШС-ның басшысы. 2021 жылы құрылып, осы уақыттың ішінде құрылыс саласындағы өзіндік орнын шегелеп үлгерген бұл жас сәулет-жобалау компаниясы көптеген жобаларды жүзеге асырған.

Тасқала ауданындағы Атамекен ауылында дүниеге келген Альбина кішкентай кезінен көпшілікпен бірге болуды, іскер адам болуды қиялдапты. Әжесінің тәрбиесін көрген алғыр бойжеткен мектепте де жақсы оқыған, әсіресе, техникалық бағыттағы пәндерді жақсы меңгерген. Құрылыс саласына бет бұруына да осы пәндерге деген сүйіспеншілігі септігін тигізсе керек.

– Жетінші сыныпқа дейін ауыл мектебінде білім алып, 11-сыныпты Оралдағы №44 мектеп-гимназиясынан бітірдім. ҰБТ-дан жоғары балл алып, 2005 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға құрылыс мамандығына оқуға түстім. Шынымды айтсам, бастапқыда осы мамандыққа оқуға түскеніме еш қуанбадым. Керісінше, жыладым. Өйткені бұл мамандық тек ер-азаматтарға тән деген түсінік болды. Бірақ оқудың қыр-сырын меңгергеннен кейін құрылысшы да – ұлы мамандықтардың бірі екенін түсіндім. Тіпті жолым болғанына қуандым, – деп есіне алды кейіпкеріміз.

Болашақ кәсіпкер жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жобалау компаниясына қызметке орналасады. Өзінің еңбек сатысын жобалаушы, инженер болып қатардағы жұмысшыдан бастаған қайсар қазақ қызы әрдайым келешекке көз тастап, алға ұмтылған. Шеберліктің тәжірибемен келетіні ақиқат. Сол секілді Альбина да тәжірибесін шыңдай жүріп, 2019 жылы бас инженер болып тағайындалады. Барлық жобаның басы-қасында жүретін іскер маман өз мамандығын зерделей отырып, өзінің жеке кәсібін ашуды жоспарлай бастайды.

– Алдымен бұл ойымды достарыммен бөліскен кезде олар мені бірден қолдады. Сөйтіп, өзіме деген сенімділік пайда болып, 2021 жылы өз кәсібімді бастауға бел будым. Жеке компания ашу арқылы құрылыс саласын одан әрі дамытқым келді.

Компаниям о бастан «Shine project» деп аталды. Атауды шетелдіктерге де таныс болсын деген оймен таңдадым. «Shine» деген сөздің қазақша аудармасы – «жарқыраған». «Жарқыраған жоба». Менің жобалаған ғимараттарым да жарқырап тұрғанын қаладым. Алғашқы кезде әріптесім әрі досым Ақылбек Хайруллин деген азаматпен серіктес болып жұмысты бірге бастадық. Ол – дизайнер, мен – инженер. Бізге қаладағы жеке кәсіппен айналысатын таныстарым мен достарым тапсырыс бере бастады. Алдымен шағын нысандарды жобалауды қолға алдық. Жобаларымыз сараптамадан сәтті өтті. Біртіндеп өз мүмкіндіктерімді көрген сайын жобаларымның ауқымы да кеңейе бастады. Осылайша көзге түсіп, таныла бастадық, – дейді Альбина Есболатқызы.

Алғашқы қанатқақты үлкен жобасы

Әңгіме барысында кәсіпкердің компаниясы елдің игілігіне жарайтын, халыққа пайдасы мол нысандардың құрылысына үлес қосқанын білдік. 2022 жылы Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылы суға кеткенде, зардап шеккен тұрғындарға қысқа уақыттың ішінде баспана салып беру қажеттілігі туындаған. «Shine project» компаниясы төтенше жағдайға байланысты облыстық құрылыс басқармасынан түскен ұсынысқа келісім беріп, оқиға орнында зерттеу жұмыстарын бірден бастап кетеді. Нәтижесінде, аталған елді мекенде жеті тұрғын үй уақтылы тапсырылып, жақсыбайлықтар суыққа ұрынбай, өз баспаналарына қоныстанып үлгерді. Халықтың ризашылығына бөленген «Shine project» компаниясының ұжымы үшін бұл – үлкен жобалардың бастамасы болды. Сол сәттегі сезімін сөзбен жеткізуге тырысқан кәсіпкер:

– Бұл – біздің команда үшін ерекше жобалардың алғашқысы еді. Біз де өз жұмысымызға марқайып, елдің алғысына бөлендік. Осы жоба біздің жұмысымызға серпін берді десем де болады, – деді.

Мінекей, осыдан кейін Альбина мен оның командасы әлеуметтік нысандар салудың жерлестеріміз үшін аса маңызды екенін түсінген. Көп ұзамай Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылында бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің жобасын жасаған. Аталмыш кешен бір айдың ішінде жобаланып, 90 күнде бұлдыртылықтарға тарту етілген. Бұл да «Shine project» компаниясының сәтті жобаларының бірі екенінің дәлелі. Себебі, жастары спортқа жақын Бұлдырты ауылында бұған дейін спорт залы болмаған. Балалар бұған дейін мектептің жертөлесінде жаттығуға мәжбүр болған. Ал бүгінде заманауи үлгідегі спорттық кешенде жаттыққан спортшылар түрлі жарыстарға қатысып, биіктен көрініп жүргенін естігенде, осы жобаға тікелей үлесі бар Альбина сауапты іс жасағанына риза болады.

Компания ұжымы мұнымен шектеліп қалмай, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның республика деңгейіндегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысуға шешім қабылдайды. Сол жоба аясында 300 орындық мектептің жобасын жеңіп алып, уақыт жоғалтпай жұмысқа ден қояды. Бұл жоба бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда жауапты әрі маңызды болды. Альбина Есболатқызы уайымдағанын да жасырмады. Бірақ әріптестерімен бірге алған беттен қайтпай, сол нысанды ерекше мұқияттылықпен жобалап шығады. Нәтижесінде «Shine project» командасы өз жұмыстарын Батыс Қазақстан облысы бойынша бірінші болып орындап, сараптамада оң нәтиже көрсетеді. Қазіргі уақытта сол жоба бойынша Бөрлі ауданының Пугачев ауылында білім ордасының құрылысы жүргізілуде. Республикалық тапсырысты орындау барысында еліміздегі көптеген жобалаушы мекемелердің өкілдерімен танысқан жеке кәсіпкер өз деңгейлерінің басқалардан кем емес екенін түсінген. Жалпы «Shine project» компаниясы 300 орындық мектептер салуда Қазақстан бойынша үшінші орынға қол жеткізген.

Халыққа қуаныш сыйлайтын ұжым

Сындарлы сәтте халқына көмекке келетін «Shine project» компаниясы 2024 жылы көктемгі су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде белсенді түрде әрекет етті.

– Біз сол кезде де жерлестерімізбен бірге болдық. Қолымыздан келгенше қолдау көрсеттік. Осы уақытта бірлігіміз сынға түскені ақиқат. Көптеген отбасылар баспанасыз қалғанын білесіздер. Сол кезде біздің ұжым ұйымшылдық танытып, бірден тұрғын үй жобасын жасауға кірісіп кетті. Әрине, ол жобамыздың кәдеге асатыны не аспайтыны белгісіз еді. Жан-жақтан қар суы мен өзен суының құрсауында қалған үйлер саны күннен-күнге арта түсті. Кейін «тез арада жерлестерімізге көмек көрсетіп, үй салып беруіміз керек» деген ұсыныстар түсті. Біз Сырым ауданының тұрғындарына қолұшын созуға уәде бердік.

Жалпы, Сырым ауданы бойынша 114 үйдің жобасын қолға алдық. Сонымен қатар 30 пәтерлік тұрғын үй кешені мен колледж жатақханасының жобасын жасадық. Барлығын қайтадан қалыпқа келтірдік. Жаңа орындарға жаңа жоба жасап, қазіргі заманға сай, адамдарға ыңғайлы етіп жоспарладық. Құрылыстың соңына дейін басы-қасында болдық, – деді кейіпкеріміз осындай ірі жобаларды игергенін мақтанышпен жеткізіп.

Қала іргесіндегі Деркөл кентінде салынған мешіттің құрылысы да «Shine project» компаниясының жобасы екені баршамызға мәлім. Сәні мен салтанаты келіскен күмбезді ғибадат үйі бүгінде деркөлдіктердің құлшылық ететін орнына айналды. Сонымен қатар, «Shine project» жобалаушылары Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында да әлеуметтік нысандарды жобалауға қатысқан.

Әрине, әр істі соңына дейін жеткізуге ниетті бұл команда нысанды жобалап қана қоймай, құрылыс аяқталғанша авторлық қадағалау жұмыстарын да жауапкершілікпен жүргізеді. Өздері дайындаған жобаға сәйкестігін тексереді, ескертулері мен ұсыныстарын айтады.

«Shine project» ЖШС-да негізінен 10 шақты адам жұмыс істейді. Алайда карантин кезінде қашықтан жұмыс жасауға үйреніп, «фриланс» жүйесі бұл салаға да еніпті. Тіпті зейнетке шыққан соң да үйден жұмыс істейтін және Астана мен Тараз қалаларында қашықтан жұмыс жасайтын инженерлері бар. Дегенмен, жұмыс күші тұрақты. Қызметкерлерге жалақылары уақытында төленіп, заң талаптарына сай әлеуметтік төлемдер де қарастырылған.

Компания басшысы А. Алишева жұмысшылардың білім деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға басты назар аударады. Жобалаушылар нысанның іргетасы мен ғимараттың шыдамдылығына қатысты есептеу бағдарламаларымен жұмыс істейді. Компания конструкторлары өткен жылы «Лира-Сапр» бағдарламасы бойынша курстарға қатысып, сертификаттар алды. Биыл мамандардың біліктілігін одан әрі дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

– Нысандарды жобалау – командалық жұмыс. Мен басшы болғанмен де, жалғыз өзім ешқандай іс тындыра алмасым анық. Бір жобаның өзіне 10-15 инженер қатысады. Жобалау жұмысы жерді жан-жақты зерттеуден басталады. Құрылыстың іргетасынан бастап, инфрақұрылымы мен ішкі жұмыстарының бәрі зерделенеді. Барлығын жинақтап, өзім қайта тексеремін. Содан кейін сараптамаға жіберіп, қорытындысын күтеміз. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысу жоспарымызда бар. Компанияның атауын ойластырған сәттен бастап, мен сол мақсатты алдыма қойдым, – дейді қаракөз қазақ қызы, қай кезде де алға ұмтылатын қайраттылығы мені таң қалдырды.

Білікті басшы, іскер маман

Биыл елімізде жұмысшы мамандықтар жылы. Кәсіпкер бұл бастаманы шын ниетімен қолдайды, себебі құрылыс саласында жұмысшы мамандар тапшы. Оқу бітірген жастардың тәжірибесі болмайтыны тағы бар. Ал оларды жетелеп үйретуге әр жобаға белгіленген шектеулі мерзім мүмкіндік бермейді. Сондықтан олар басқа өңірлердегі әріптестерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Осылайша, болашақ құрылысшылар құрылыс алаңына келіп, алдын ала тәжірибеден өтіп, болашақтарына ертерек қадам жасаса деп есептейді.

Кәсіпкерді қынжылтатын тағы бір мәселе – құрылыс саласына қажетті оқулықтар мен әдебиеттер мемлекеттік тілде болғанымен, жұмыс жобаларының толыққанды қазақ тіліне көшірілмеуі. Сала мамандарының басым бөлігі орыс ұлтынан немесе орыстілді азаматтар. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толса деген тілге деген ұлтжандылық қасиетін де байқатты.

Өзінің кәсібі мен жобалары туралы асқан сүйіспеншілікпен айтып берген жерлесіміз осы салаға берілген нағыз маман екенін аңғармау мүмкін емес. Үлкен ғимараттарды жобалаудан шабыт алуы оның жанының нәзіктігінен шығар деген ойға келдік. Бойындағы патриоттық сезімі де ұшқын атып тұр. Жыл санап өркендеп, гүлденіп келе жатқан Орал шаһарында бой көтеретін әдемі тұрғын үй кешендері мен үлкен әкімшілік ғимараттарының құрылысын жобалауды армандайтынын айтты. Астана сияқты үлкен қалаларға барғанда арманына қанат бітіп, жақсы ойлармен оралады екен. Жұмыстарына серпіліс беріп, тәжірибелері шыңдалған «Жайлы мектеп» секілді ауқымды ұлттық пилоттық жобаларға қатысып, өздерін әлі де сынап көргілері келеді.

– Өз жұмысыңның нәтижесін көру – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Сен алдымен ойша жоспарлап, кейін қағазға түсіріп, AutoCAD бағдарламасы арқылы дайындаған жобаңды құрылысшылар іске асырады. Көз алдыңда нақты бір нысан бой көтереді. Сол сәтте кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Сондай жанға тыныштық беретін, жүрекке қуаныш сыйлайтын жобаларымыздың көбейіп жатқанына шүкір деймін. Әрине, жобалаушы мен құрылысшы арасында жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Алайда бір-біріміздің жұмысымызды бағалап, өзара ортақ келісімге келеміз. Ең бастысы, жобалап салған ғимараттың сапалы болуы тиіс, – дейді кейіпкеріміз.

Абырой адал еңбекпен келеді

Қатардағы инженерден – бас инженерге, бас инженерден – компания басшысы деңгейіне жеткен Альбина Алишева әр қадамына үлкен дайындықпен, нақты шешіммен аңдап басады. Дегенмен, жас кәсіпкер ешқашан «болдым, толдым» деген емес. Әлі де өзінің жұмысын жетілдіріп, жеке кәсібін үлкен компанияға айналдырып, штаттағы қызметкерлер санын көбейтуді қалайды. Иығына зор жауапкершілік артқан қазақ қызы түске дейін сәнді көйлекпен кеңседе отырса, түстен кейін жұмыс киімімен құрылыс алаңында болады. Ол әрдайым сақадай сай жүреді. Темір тұлпарын тізгіндеп, жұмыс киімі мен резеңке етігін жүк салғышында сақтайтын кәсіпкер ауа райының ыстығын да, суығын да елемейді. Себебі, жұмыс талабы солай.

Альбина түзде істің адамы болса, отбасында – қызғалдақтай екі қыздың аяулы анасы. Он алты жасқа толған тұңғышы анасының жолын таңдағысы келеді. Физика-математикаға жақын перзенті құрылыс саласына қызығушылығын қазірден сездіріп жүр. «Дегенмен, оны болашағы көрсетеді» дейді анасы. Ал кішкентайының сурет өнеріне деген бейімділігіне қарап, болашақ сәулетшіні көретінін айтты. Альбина Есболатқызының ата-анасының бірі – газ саласының қызметкері, бірі – медицина маманы болғанымен, құрылыс саласында жүрген бауырлары да бар. Жобалаушы ағасы мен сіңлісімен бір кездері нысанды бірге жобалағандарын әңгімеледі.

«Құрылыс алаңы – тек ерлердің жұмыс орны деп қорқудың қажеті жоқ. Бұл салаға қыз балалар да қажет. Себебі қыздар қашан да шыдамды, мұқият, жауапты болып келеді. Ал құрылыс маманына дәл осы қасиеттер ауадай қажет. Оған қоса, техникалық мамандықтардың заманы ешқашан өтпейді, бұл – ең маңызды сала» дейді «Shine project» сәулет-жобалау компаниясының басшысы Альбина Алишева.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

Орал қ.,

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 185/1

3-қабат, 4-кеңсе

@shine_project_too

@albina_f_f