Облысымызға танымал өнерлі отбасы – Биғалиевтерді білмейтін жан кемде-кем. Атадан жалғасқан, әкенің тәрбиесімен және ананың сүтімен бойларына дарыған өнерді ұлықтай жүріп, еңбек етіп, ата кәсіпті де қолға алған осы шаңырақтың ұл-қыздары отбасылық, адамгершілік құндылықтарды бәрінен биік қояды. «Халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблі» деген мәртебесі бар өнерлі әулеттің ұрпағы Арман Маратұлымен жүздесіп, осы бағытта әңгіме өрбіттік.
Қанмен берілген қасиет
Кейіпкерімізбен кездесу үшін Орал қаласындағы Ассамблея үйіне арнайы бардық. Арман Биғалиев осындағы «Ағайын» қазақ ұлттық мәдени қоғамдық бірлестігін басқарып отыр екен. Әңгімені әріден бастаған Арман ағамыздың сөзінен болжағанымыз – олардың өнерге деген құлшынысы қанмен берілген қасиет екен. – Марқұм ата-әжеміз өнерден алыс болмаған. Атам Қали ауданда ішкі істер саласында қызмет атқарған. Атам домбыра шертсе, әжем балалайка мен примада ойнаған екен. Жалпы екеуі де ішекті аспапта ойнаған. Әкем Марат Қалиұлы Ақтөбеде оқып жүрген кезінде студенттік шәкіртақысына баян аспабын жалға (аренда) алып, үйреніпті. Анамыз Нұржамал Сүмбебайқызы – Алматының тумасы,
мамандығы дәрігер. 1977 жылы Алатаудың баурайында танысқан әке-анамыз кейіннен ата қоныс ауылға келіп тұрақтаған. Ауылда бірге сахнаға шығып, ән салып жүрген әкеміз бен
анамыз 1978 жылы Биғалиевтер отбасылық ансамблін құрған. Әкеміз ауылда тіршілік қайнап жататын Кеңес Үкіметінің уақытында әр совхозда ұйымдастырылатын мерекелік шаралардың бел ортасынан табылатын. Жұмыстан бас алмайтын ауыл тұрғындарының сол концерттерді тамашалап, бір демалып қалатыны сөзсіз, – деген Арман Маратұлы ауылдың мәдениетін өркендетуге әкесінің үлкен еңбек сіңіргенін жеткізді. Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең деп жатамыз. Бұл екі ұғымды Биғалиевтер
отбасылық ансамблінің жетекшісі, өмірі өнегеге толы әке Марат Қалиұлы бөле-жарып қарамапты. Ауылдың мәдениеті өркендесе, ауылдастарының мерейі өсетінін, мәдениет бар жерде бейбіт заман, тәртіп орнайтынын ісімен дәлелдеген. Өзі бастапқыда басқа салада жұмыс жасаған М.Биғалиев кейін Мәдениет үйінің директоры, автоклуб меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.
Сол заманда «қазақтың балалары тек қой бағуы керек, оларға қолдау көрсету керек» деген солақай саясат болғаны жасырын емес. Бұл жердегі түпкі мақсат – қазақты білім-
ғылымнан алшақтату еді. Сол кезеңде мал соңында жүрген малшылардың көзін ашу, көкжиегін кеңейту мақсатында автоклуб жүйесі ойластырылған. Марат Қалиұлы автоклуб
меңгерушісі болып тұрған жылдарда бала-шағасын да бірге тиеп алып, қойшы ауылдарға концерт қояды екен. Оған қоса малшыларға газет-журналдар апарады. Шаштараз,
кітапханашылар да малшылардың ортасынан табылып, өздерінің көмектерін көрсеткен. Ерекше атап өтетін нәрсе – Марат ағаның өзімен бірге магнитофон алып жүруі.
Малшылардың интернатта оқып жүрген балаларына айтатын «сабағыңды жақсы оқы, біз сендердің болашақтарың үшін мал соңында еңбектеніп жүрміз» деген ақыл-кеңестерін таспаға жазып алатын болған. Ол таспаны интернатта жатқан ұл-қыздарына тыңдатады екен. Ал білімге ұмтылған ұл-қыздарының дауыстарын жазып алып, ата-анасына тыңдатып, екі ортада жақсы істің дәнекері болып жүрген.
Өз кәсіптері бар
– Осындай өнерлі ерлі-зайыптылардың шаңырағында біз дүние есігін аштық. Біздер де ес білгеннен өнерге талпыныс жасап, ән айтатын болдық. Осылайша отбасылық ансамбліміз қанатын кеңге жайды. Сондай жақсы уақыттар өтті. Бүгінде осындай күнге жетуіміз сол өнерге құштар, еңбекқор ата-анамыздың арқасы екені даусыз, – деген Арман Биғалиев
отбасындағы тәрбие мәселесіне ойысты.
– Әкеміз ұл-қыздарына «қандай мамандық алсаңдар да, қайда жұмыс жасасаңдар да, өнерді тастамаңдар. Қазақтың ұлы мен қызының бойында өнердің ұшқыны болу керек. Өнер
сендерге рухани азық болады, ағайын-туғанның арасын біріктіреді» деп айтып отыратын. Расымен де, ескі әуендерді тыңдап отырсаң, ауылда өткен балалық шағымыз, отбасымыздағы мамыражай күндеріміз, жылылыққа толы сәттер ойға оралады. Әннің сөзін мұқият тыңдасаң, оның өзі – үлкен тәрбие. Әуезді ән жүрегіңе жетіп, ата-анаң мен бауырларыңды сағындырып, олармен жиі қауыштыруға себепкер болады. Мінекей, өнердің құдіреті деген осы шығар. Әкенің сол бір сөзін естен шығармай, өнер мен еңбекті ұштастырып, сол сүрлеумен жүріп келеміз, – деді өнерлі шаңырақтың перзенті. Марат аға мен Нұржамал апа үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде бәрінің өз отбасы бар. Ұлдары Арман мен Руслан, қыздары Айгүл мен Марина заңгерлік мамандықта оқыса, кенже ұл Рустам – қаржы саласының маманы, ал бүгінде Алматыда тұратын қыздары Айнұр – есепші мамандығын игеріпті. Дейтұрғанмен, қосымша кәсіп ашып, несібелерін тауып отырған ұл-қыздары бала кездерінен бойларына дарыған өнерді де бірге алып келеді. Арман Маратұлы ата кәсіп – жылқы шаруашылығын қолға алса, Айгүл Маратқызы«Ана мен қыз» сән үйін ашып, өзі дизайнер ретінде сән үйінде тігілген киім үлгілерін республикалық деңгейде көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Айнұр мен Маринаның да өз кәсіптері бар. Кенже ұл Рустам Маратұлы ата-анасына қарайласып ауылдағы қара шаңырақта отыр. Қазір
отбасылық шығармашылық ұжымның құрамын олардан өрбіген немере-жиендер толықтыруда. Кейінгі ұрпақтың әрқайсысы түрлі аспапта ойнайды, ән салады, билейді, мәнерлеп өлең оқиды. Атадан, әкеден жалғасқан өміршең өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Марат ағамыздың өзі де зейнеткерлік жасқа жетсе де, Қазталов ауылындағы Қошанкөл ауылында медиатор болып жұмыс атқарып, ауылдастарының арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге атсалысып келеді.
«Өнерім – халқым үшін»
Осы қағиданы берік ұстанған халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблі ешқашан ел алдында ақылы өнер кешін ұйымдастырып көрмепті. Тіпті ешкімге алақан жаймай, әрбір концертке өз күштерімен дайындалады. Тапқан табыстарын ортаға салып, сахнаға шығатын киімдерін, ойнайтын аспаптарын, басқа да ұсақ-түйек қажеттілерін алдын ала дайындап, жол қаражаттарын, көліктерін сайлап алады. Отбасылық концерттік бағдарламаларын алдын ала ойластырып, жан-жақтан жиналып, ата-аналарының ақ батасын алып, ел алдына шығады. Биыл елімізде орын алған көктемгі су тасқынынан кейін Биғалиевтер жерлестерін қолдау мақсатында облысымыздағы Сырым, Тасқала, Теректі аудандарындағы елді мекендерді аралап, тегін концерт өткізген. «Ағайын» қазақ ұлттық мәдени қоғамдық бірлестігі де бұл шараға атсалысып, көрерменге салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылып, сыйлықтар таратылған. Сонымен қатар концерт барысында сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, өздерінің отбасылары, өнердегі өнегелі жолдары туралы әңгімелеп, тағылымды кеш сыйлауға тырысқан. Қорқынышты күндерді бастан өткерген халыққа рухани күш-қуат сыйлап, көңілдерін серпілтіп қайтқан. Өздерінің ұйымшылдықтарымен, ауызбіршіліктерімен көп отбасыға үлгі болып жүрген Биғалиевтердің берекелі шаңырағына көпшіліктің тәнті болары белгілі. 2016 жылы Биғалиевтер Астанада өткен ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыстың намысын қорғаған болатын. Енді алдағы жоспарлары – әулеттің немере-жиендерін түрлі аспаптарда ойнатып, бір ансамбль құру.
Ағайын араз болмасын деп…
Текті әулеттің ұрпағы Арман Маратұлы өңіріміздегі «Ағайын» қазақ ұлттық мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы екенін жоғарыда айтып өттік. Енді кейіпкерімізден осы бірлестіктің бүгінгі тынысы туралы сұрадық. – Мен бұл бірлестікте алдымен төрағаның орынбасары болдым. Бұрынғы төраға Мақсот Берген ағамыз басқа лауазымға ауысқаннан кейін сол кісінің орнына тағайындалдым. «Ағайын» – Батыс Қазақстан облыстық Ассамблеясының ішіндегі қазақ ұлттық мәдени қоғамдық бірлестігі. Еліміздегі, өңіріміздегі өзге этностардың ортасында темірқазық болып қазақтың шаңырағы тұру керек. Қалған ұлт пен ұлыс сол шаңырақтың жан-жағына қазақты ортаға алып топтасуы қажет. Өйткені, біздер Қазақ елі болғаннан кейін қазақтың шаңырағы көш бастап тұруы тиіс. Біз қазақ ұлттық мәдени-қоғамдық бірлестігі болып осы бағытта жұмыстанып жатырмыз. Бірлестіктің жұмысы ең алдымен елдің татулығына негізделген, – дейді бірлестік төрағасы. Бұдан соң Арман Биғалиев «этнос» деген ұғымды түсіндіріп өтті. Бір жылдары «Ағайын» қоғамдық бірлестігінің атауына «этномәдени» деген тіркесті теліп жүріпті. Кейін түзетіліп «қазақ ұлттық мәдени» деген тіркесті бекітіпті. «Қазақстан – көпұлтты мемлекет емес, бізде тек қазақ ұлты. Ал өзге ұлт өкілдері – этностар. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Орыс тілі – ресми тіл. Өзге ұлт өкілдерінен қазақша сөйлеуді талап етуіміз де артықтау. Алдымен екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесуі тиіс. Егер өз қаракөздеріміз өз тілінде сөйлесе, басқа этностар да қатарымызға қосылады» деді кейіпкеріміз.
Бірлестік төрағасы өзге этностар мен қазақтың шаңырағының, қазақ жұртының арасында, сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің арасында да реніш болмауы керек деп есептейді.
Ең алдымен бейбітшілік пен тәртіп болса, тәрбие мен мәдениет те өз ағынымен дамиды деген ойда.
– Егер қазақ пен әзірбайжанның баласы балалықпен төбелесіп қалса, әр ұлттың ағайындары келіп өз қандастарын жақтайтын болса, бұл мемлекет арасындағы, ұлт арасындағы дау-жанжалға айналады. Ал оны ниеті бұрыс, ел ішіне іріткі салуды көздейтін сыртқы күштер пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Осындай жағдайды болдыртпауға әр облыс, әр қала жұмыстанатын болса, сонда тұрақтылық орнайды. Сонда ғана әр ісіміз алға басып, жақсылыққа жетеміз. Әр елдің арманы, алға қойған жоспары бар. Біз – егеменді қазақ еліміз.
Біз өз шаңырағымызда бейбітшілікті сақтамайтын болсақ, татулығымыздың берекесі болмайды. Біз, жастар болып осындай игілікті істерден шет қалмауымыз керек. Үлкен-кіші
болып жұмыстанғанымыз абзал, – деген қадау ойларын нақтылап тұрып жеткізді Арман ағамыз.
Ел ішіндегі ғана емес, елдің сыртындағы ағайындармен татулыққа да баса мән беретін аталмыш қоғамдық бірлестік Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің бес өңіріндегі
қандастарымызбен де байланыс орнатқан. – Ресейдің Самара облысында «Қазақ ауылы» деген бар. Ол жердегі қазақ ағайындарға Ресей мемлекеті ешқандай қысымшылық көрсетпей,
атауына тиіспей, қалыпты өмір сүруде. Біз оны өз көзімізбен көріп келдік. Сол жердегі қаракөз ағайындарымыз салт-дәстүрге көңіл бөліп, ұмытпаудың жолын іздеп, қазақша сөйлеседі. Үлкен қалаларға оқуға, жұмысқа кететін балалары ана тілін ұмытып қалмаса екен деп алаңдайды. Біз сол ортаға барып, ішкі тілегімізді айтып, облыстағы ақсақалдарымыздың, аналарымыздың, елдің тілегін жеткізіп, қазақтың әдеби кітаптарын, балаларға арналған ертегілерді насихаттап, отандық арналарымыз туралы ақпарат бердік. Біздің олармен байланысымыздың үзілмегенін қалайтынымызды мәлімдедік, – деді А.Биғалиев.
Ата-ана өз жауапкершілігін естен шығармауы тиіс Кейіпкеріміз Арман Маратұлының ойынша, әр отбасының діңгегі мықты болса, еліміздің іргетасы да мықты болады. Ата-ана өз балаларына жақсы тәрбие беріп, өзінің жауапкершілігін естен шығармаса дейді. – Өзім де қазір төрт перзенттің әкесімін. Үлкен ұлымыз Ринат Испанияда спорт бағытында білім алып жүр. Екі қызымыз Румия мен Альмира – мектеп оқушылары. Кенжеміз – Әбілқайыр, есімін атасы қойды. Жолдасым Баянның мамандығы – психолог, қазір қаладағы жеке кәсібімізге бас-көз болып жүр. Өзім жылқы шаруашылығымен айналысамын. Жалпы қазақ пен жылқы егіз ұғым секілді ғо. Сондықтан мұндай ата кәсіппен айналысқандарды төбедегі Алла және ата-баба аруағы қолдайды деп