Оралда «Oral Winter Fest 2026» қысқы фестивалі өтті
Аяжан Даниярқызы Оралға Алматы қаласының құрамасымен бірге келген. Ол 22 жаста, құсбегілікпен айналысқанына 4 жылдың үстіне шыққан. Оралдағы додаға 4 жастағы «Алтын» есімді бүркітін, 1 жастағы «Жалын» есімді қаршығасын және 2 жасар «Тұмар» есімді ителгісін дайындапты. Құрамаға Алматыдан Оралға жету біраз қиындық туғызып,
жеңіл көлікпен екі адам болып келген.
Батыста өткен «Oral Winter Fest 2026» қысқы спорт фестивалі ұлттық мұра мен заманауи спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттаған ауқымды шара болды. Спорттық фестивальді ұйымдастырушы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы дүбірлі мерекеге спортшылар мен көрермен еліміздің түрлі өңірінен жиналғанын айтты. Спортшылар қысқы фестивальге енген спорт түрлерінен жарыстарда бақ сынаса, балалар сырғанақта асыр салып, мәз-мейрам болды, қалалықтар мен қонақтар болса ұлттық, заманауи және экстремалды спорт түрлерін тамашалады.
Қаладағы «Нұр-Ер» кешені екі күн бойы тұрғындар мен қонақтарға қыс қызығын ұсынған думанды алаңға айналды. Ал кешеннің аумағындағы «Oral Winter Fest 2026» жазуларын қардан қашап, әдемілеп қалап безендірген Нәдір Қуанаев. Қардан жасалған әріптерді жасау үшін Нәдірге үш адам және бір трактор техникасы көмекке тартылған. Кешеннің аумағын безендіруге Нәдір мен көмекшілеріне 9 күн қажет болыпты. Нәдір осыдан бірнеше ай бұрын Ақ Орда мен полицей көлігінің макетін де қардан жасап танымал болған еді.
«Oral Winter Fest 2026» қысқы фестивалінің аясында құсбегіліктен Қазақстан Республикасының чемпионаты, тазы жарысы, дәстүрлі садақ ату мен жамбы ату, шаңғымен нысана көздеу, мұздағы автодрифт, керлинг және шанамен сырғанау сияқты спорт түрлерінен тартысты сайыстар өтті. Бұл жарыстарда ешкім елеусіз қалмады, фестиваль балалар, жасөсіпірімдер, ерлер мен әйелдерді де қамтығаны туралы айта кету керек.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген құсбегілер ел чемпионатына үш бағытта бүркіт, қаршыға және ителгілерін сайысқа салып, шеберлік пен төзімділіктің, ептілік пен дәлдіктің биік үлгісін көрсете білді. Ұлттық спортты дәріптеп, атадан балаға жеткізіп жүрген құсбегілер 12 аймақтан келген, атап айтсақ 3 қала және 9 өңірден 33 құсбегі 56 құс
ала келген.
— Чемпионатқа сонау шығыстан келдік, қаршығамның есімі – Көксүңгі. Екі жаста. Құсбегілік отбасымыздың атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан дәстүрлі кәсібі. Менің атам, әкем айналысады. Жасым 22-де, мен де құсбегілікке бала кезімнен қызықтым, 7-8 жасымнан осы кәсіпті игере бастадым. Құсты асыраған кезінен қолға, адамға үйретеді. Құстың ұйқысын алады, ұйықтатпайды. Сөйтіп ол ақырын-ақырын үйрене бастайды, қолға секіріп келеді, 10 метр, 5 метрден жақындай береді. Оған үлкен сабыр, түсіну және махаббат керек. Бір айдан асқан уақытта қолға көніп, өзіңмен бірге жақсы жұмыс жасай бастайды. Құсты сайысқа күзден бастап көктемге дейін қосады, негізі жас құстарды қосқан жақсы. Осы жолы бүркіт пен қаршығамды ала келдім. Бұлар тек таза ет жейді, сиыр еті, қой еті, жылқы еті, құстардың етін жей береді. Құсты күтіп, бағудың өзі оңай шаруа емес, — деді құсбегілік тәжірибесі туралы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан келген құсбегі Ердана Самғатұлы.
Құсбегіліктен ересектер арасында өткен XIX Қазақстан Республикасының чемпионатының жүлдегерлері:
Бүркіт:
1-орын Бағдат Кеуенов, Түркістан облысы.
2-орын Архат Хамитжанов, Шығыс Қазақстан облысы.
3-орын Серікболсын Жалғасұлы, Жамбыл облысы.
Ителгі:
1-орны Бақдаулет Бабажан, Жамбыл облысы.
2-орын Ерлан Кенжетаев, Ақмола облысы.
3-орын Темірәлі Төлегенұлы, Қарағанды облысы.
Қаршыға:
1-орын Бақдаулет Бабажан, Жамбыл облысы.
2-орын Серікболсын Жалғасұлы, Жамбыл облысы.
3-орын Ернарбек Мамет, Батыс Қазақстан облысы.
Құсбегілер еліміздің түрлі өңірлерінен келсе, тазы жарысына тазы баптап, аңға шығып жүрген жергілікті саятшылар қатысты. Облысымыздың Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан және Орал қаласынан сайысқа қатысқан тазылардың жалпы саны 50-ге жуық.
Тазы жарысына келетін болсақ, 1-орынды Жәнібек ауданынан «Көкжал» атты тазысымен келген Эльдар Бегалиев иеленді. 2-орынға «Айқас» атты тазының иесі Жомарт Ғаппаров ие болды. Ал 3-орын «Сырттан» деген тазыны баптаған Айболат Төлегеновке бұйырды. Екінші және үшінші орынды тасқалалықтар бөлісті. Тазысының сәні келіскен, мойнындағы қарғыбауы да ерекше көзге түскен жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған Эльдар Бегалиевті сөзге тарттық.
— Тазыны баптаумен 2012 жылдан бері айналысамын. Бұл атадан балаға беріліп келе жатқан кәсіп, кезінде өзімнің атам тазы ұстаған. Аңға шығамын, аңшылыққа рұқсат етілген кезеңде қоян, түлкі аулаймын. Осыған дейін Ақтөбе қаласында, Тасқала ауданында тазы жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, жылқы ұттым. Әрине тазы ұстау оңай емес, арнайы дәрумендері, екпелері бар. Тазыға бөлек арнайы ет сатып аламын, оған ай сайын 30 000 (отыз мың) теңге шамасында қаржы шығарамын. Сиырдың, жылқының етін жейді, сорпа береміз, арнайы тамақтануы бар. Қарғыны Нұржан бауырыма астаналықтар сыйға тартқан, ол маған тартау етті, тек осындай жарыстарға шыққанда тағамын. Қазір шырға тарту жарысына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл жарыста тазылар түлкінің терісі шырғаны тартады. Тазы баптау жаңа айтып кеткенімдей ата-бабамыздан қалған кәсіп, дәстүр. Осы кәсіпті жойып алмауымыз керек. Бүгінгі сайысқа тазы әкелген жігіттердің барлығы осы дәстүрді жалғастырушы десем болады. Ұлым бар, 7 жаста, ұлымды да тазы ұстауға баулып, үйретіп жүрмін, — деді Жәнібектің Жақсыбай ауылынан келген ата-баба үрдісін жалғаушы Эльдар Бегалиев.
Шырға – құсты қолға үйреткенде, аңға түсуге баулығанда қолданылатын тұлып. Ол түлкі, қарсақ, қоян, тағы басқа түз аңдарының терілерінен жасалынады. Құсбегілер шырғаны сол түз тағысының бейнесіндей етіп, терісіне жүн, шөп кептеп, басына құлақ орнатады. Шырға тартуды бұрын тек бүркіт баптауға арналған тәсіл ретінде қолданған. Тазыға шырға тарту – кейінгі заманда пайда болған. Дәстүрлі аңшылықтан алынған жаңаша үлгі. Қазіргі таңда бұл әдіс кеңінен таралған. Түрлі жарыста, көрмелерде тазының шабыс, қуу қабілетін бағалаудың ең қолайлы формасы деп есептеледі.
Қысқы фестивальдің «Нұр-ер» кешені аумағында өткен салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Құсбегілік федерациясының вице-президенті, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, құсбегілік саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, спорт ардагерлері мен ұлттық спорт жанашырлары, қала тұрғындары мен белсенді жастар қатысты. Қысқы фестивальді ресми ашқан өңір басшысының орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев фестивальдің тағылымдық маңызына тоқталып, мұндай шаралар ел рухын көтеріп, жастарды спортқа баулуға серпін беретінін атап өтті. — Бұл фестиваль ұлттық мұрамыз бен заманауи спортты тоғыстырған бірегей алаң. Қысқы спорт түрлерін дамыту, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу және дәстүрімізді дәріптеу басты мақсатымыз. «Oral Winter Fest 2026» алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің брендіне айналады деп сенеміз, – деді ол.
Шара барысында ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, 70 жас мерейтойына орай ҚР Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызының және құсбегіліктен ҚР Мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуғанның иығына шапан жабылды.
Қаламызда өткен екі күндік дүбірлі тойға 5000-ға жуық адам келді. Қала тұрғындары мен қонақтары екі күн бойы мұз айдынында коньки теуіп, хоккей ойнап, таудан сырғанап, концерттік бағдарламаларды тамашалады. Қазақстанның шартарабынан келген құсбегілердің бүркіт, қаршыға, ителгілерімен және өзіміздің жерлестеріміз баптап отырған тазылармен суретке түсіп, адреналин мен драйвті сезіндіре алған автодрифттің қызығына түсті.